Алғашқы кездесу «Әйелдің қауіпсіздігі мен күші» тақырыбына арналды. Форумға мемлекеттік айыптаушы әрі заңгер Айжан Аймағанова қатысып, әйелдердің жеке және кәсіби өмірінде кездесетін нақты жағдайлар туралы сөз сөйледі.
UMAI ұйымымен бірлесіп ұйымдастырылған кездесу барысында әйелдердің құқықтары, жеке шекаралары мен заңдық қорғану тетіктері талқыланып, нақты жағдайларға байланысты талдау жасалды. Сондай-ақ қатысушылардың сұрақтарына жауап берілген ашық «сұрақ-жауап» сессиясы ұйымдастырылды.
«Әйелдің күші – құқықтарын білуінде»
Мемлекеттік айыптаушы әрі заңгер Айжан Аймағанова әйелдерге арналған кездесуде құқықтық сауаттылықтың маңызын кеңінен түсіндіріп, ең алдымен әр әйел өз құқығын білуі тиіс екенін айтты.
«Бұл – ешқашан қорқынышпен бетпе-бет келмеген әйел туралы емес. Бұл – қалай әрекет ету керегін білетін әйел туралы. Шекара дегеніміз – психологиялық термин емес, бұл құқықтық санат», – деп атап өтті ол.
Заңгердің айтуынша, әрбір әйелдің жеке басына қол сұғылмауына, ар-намысы мен қадір-қасиетінің құрметтелуіне, кез келген физикалық, психологиялық және экономикалық зорлық-зомбылықтан қорғалуға құқығы бар. Сонымен қатар қауіпсіз еңбек жағдайына және тең мүмкіндіктерге ие болу – Конституциялық кепілдік.
Айжан Аймағанова жаңа Конституция жобасында неке ұғымының нақты бекітілгенін де еске салды.
«Неке – ер мен әйелдің ерікті одағы. Бұл қағида еліміздің ең негізгі құжатында көрініс тапқан», – деді ол.
Ымыра мен құқық бұзушылықтың айырмасы
Спикердің айтуынша, әйелдер ымыра мен құқықтың бұзылуын шатастырмауы керек.
«Ымыра – екі тараптың ерікті келісімі. Ал құқық бұзушылық – қысым. Егер сіз қорқыныштан, тәуелділіктен немесе мәжбүрлеуден шегінсеңіз, бұл сіздің құқықтарыңыздың бұзылғанының белгісі», – деп түсіндірді заңгер.
Оның айтуынша, отбасылық даулар көбіне эмоциялық тұрғыдан ауыр болғанымен, құқықтық жағынан бұл нақты реттелген рәсім. «Ажырасу – ең алдымен құқықтық процедура. Ол заңмен нақты белгіленген», – деді Аймағанова.
Ажырасудың құқықтық салдары қандай?
Заңгер некені бұзудың негізгі құқықтық салдарын да тарқатып берді. Оның сөзінше, ажырасқаннан кейін ерлі-зайыптылардың ортақ меншік режимі тоқтатылады және мүлікті бөлу құқығы туындайды.
«Балаларды асырау міндеті кез келген жағдайда сақталады. Алимент туралы сот шешімі заңда белгіленген мерзімге дейін күшінде болады», – деп атап өтті ол.
Мысал ретінде ол баланың 18 жасқа толғанға дейін алимент төленетінін, ал кей жағдайда бұл мерзім ұзартылуы мүмкін екенін айтты.
«Егер бала еңбекке жарамсыз әрі көмекке мұқтаж болса, алимент төлеу 18 жастан кейін де жалғасуы ықтимал», – деді заңгер.
Ажыраспай-ақ алимент талап етуге болады
Айжан Аймағанова тәжірибесінен нақты мысал келтірді.
«Мен жүргізген бір істе ерлі-зайыптылар заңды некеде болғанымен, бірге тұрмаған. Әйел баласына ғана емес, өзіне де алимент өндіріп алды. Себебі бала үш жасқа толғанға дейін жұбайы өзін асырауға алимент талап етуге құқылы», – деп түсіндірді ол.
Бұл норма «Неке және отбасы туралы» кодексте нақты көрсетілгенін де атап өтті.
Мүлік – кімнің атына рәсімделгеніне қарамастан ортақ
Заңгер некеде алынған кез келген мүлік ортақ болып саналатынын айтты. «Жылжымайтын мүлік, көлік, депозиттер, бизнес табысы, бағалы қағаздар – бәрі ортақ мүлікке жатады», – деді ол.
Мүлікті бөлудің ең тиімді жолы – келісімге келу.
«Егер келісім болмаса, сотқа талап арыз беруге болады. Бір жұбайға артық мүлік берілсе, өтемақы белгіленеді. Сот міндетті түрде балалардың мүддесін ескереді», – деп атап өтті Аймағанова.
Жиі жіберілетін қателіктер
Заңгер отбасылық дауларда ең көп кездесетін қателіктердің бірі – құжатсыз ауызша келісім екенін айтты.
«Адамдар бұрын жақсы көргенін алға тартып, сеніп қалады. Кейін орны толмас жағдайлар туындайды. Мұндайда қылмыстық іс қозғау мүмкін болмай қалады», – деді ол.
Тағы бір мәселе – тез ажырасу үшін мүлікті бөлуден бас тарту.
«Кейін адамдар қайта келіп, көмектесуді сұрайды. Бірақ бәрі болып кеткеннен кейін көмектесу өте қиын», – деп мысал келтірді заңгер.
Сондай-ақ ол кез келген құжатқа қол қоймас бұрын мұқият оқып шығуға кеңес берді.
«Түсінбеген жеріңіз болса – міндетті түрде сұраңыз. Ақымақ болып көрінуден қорықпаңыз», – деді Аймағанова.
Дәлел жинау – құқықты қорғаудың басты шарты
Спикер құқық бұзушылық болған жағдайда оны міндетті түрде тіркеу керегін ерекше атап өтті.
«Біз, әйелдер, эмоцияға бейімбіз. Бірақ эмоцияға берілмей, фактімен әрекет ету керек. Менде “алты секунд” деген ереже бар. Ашуланғанда ішімнен алты-жетіге дейін санаймын», – деді ол.
Заңгер скриншоттар, аудиожазбалар, фотосуреттер кез келген уақытта маңызды дәлелге айналатынын айтты.
«Дұрыс рәсімделген құжаттар мен дер кезінде тіркеу іс соңында әділ шешім шығуына әсер етеді», – деп түсіндірді ол.
Тәжірибеден мысал: жүйелі зорлық-зомбылық
Айжан Аймағанова Өскеменнен келген әйелдің ісін мысалға келтірді.
«Бірнеше жыл бойы зорлық көрген, бірақ дәлелі болмаған. Кейін мен оған жарақаттарды суретке түсіруге кеңес бердім. Сол фотолар істі қозғауға негіз болды», – деді ол.
Тексеру барысында зорлықтың жүйелі түрде қайталанып отырғаны анықталып, кінәлі адам жазаланған.
Сондай-ақ заңгер арыз берген кезде хабарлама талонын міндетті түрде алуға шақырды.
«Күніне органдарға мыңдаған адам жүгінеді. Сондықтан талонды талап етіңіз. Ертең бұл сіздің шынымен жүгінгеніңізді дәлелдейді», – деді ол.
Айжан Аймағанова сөз соңында әйелдердің құқықтық сауаты олардың өмірдегі тұрақтылығы мен еркіндігіне әсер ететінін айтты.
«Өз құқықтарын білетін әйел сабырлырақ, тұрақтырақ әрі дұрыс шешім қабылдай алады. Біз балаларды тәрбиелейміз, сондықтан олардың болашағы үшін де бұл маңызды», – деп түйіндеді заңгер.
Ол әйелдерді үнсіз қалмауға, мәселемен жалғыз күреспеуге шақырды.
«Сіздердің білуге құқығыңыз бар, қорғануға құқығыңыз бар және мықты болуға құқығыңыз бар», – деп қорытындылады Айжан Аймағанова.